Елбасы Жолдауы – ұстаздардың қолдауы
Заманы мен қаламы өзгерген жаңғыру дәуірінде ұстаздардың алатын орны ерекше. Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның жаңғыруы көптеген жаңашылдықтарды талап етеді. Ал сол жаңашылдық басымдықтарын білім саласында жүзеге асыратындар да ұлағатты ұстаздар болмақ. Әрине, бұл басымдықтарды жүзеге асыратын, елдің үміт етіп отырған жастары – мына біздер. Мағжан Жұмабаевтың «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін» деген үмітін жас маман ретінде ақтау, Мәңгілік елдің мәртебесін көтеру бізге парыз.
Биылғы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының ерекшеліктері көп.
Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды. Сөз соңынан Елбасы келер жылды жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Сондықтан жаңалық жаршысы да жас маман болмақ.
Елбасымыздың бұл ұсынысын біз де әбден қолдаймыз. Біздің мектебімізге биылғы жылы төрт жас ұстаз келді. Мектебіміздің директоры Балағанов Еркебұлан Баяхметұлы олардың тұрғын үй жағынан және тағы да басқа тұрмыстық мәселелерін шешіп, емін-еркін жұмыс жасауларына кеңінен жағдай жасап отыр. Сондықтан Елбасымыздың келер жылды жастар жылы деп жариялауы өте дұрыс. Өйткені бұл жастар үшін алға ұмтылуға және өте жоғары қарқында жұмыс істеулеріне құлшынысын арттыруға себеп болары анық. Ал осы ұсыныс іске асып жатса еліміздің болашағы жарқын, айқын болады деген үмітіміз бар.
Жас мамандарды қолдау Білім саласындағы елеулі жаңартулар Елбасы тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Сол жаңашылдықтың бірі – жаңартылған білім беру мазмұнына көшу және білім берудің өзіндік озық жүйесін қалыптастыру болып табылады. Жаңартылған білім беру мазмұнымен жұмыс жасайтын мұғалімдер жалақысының көбейетіндігі де бізді қатты қуантты.
Мәңгілік елдің мәртебесін көтеруде жаңартылған білім мазмұнына сәйкес мұғалімдердің кәсіби біліктерін шыңдау жағы да жүйелі қарастырылған. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ету үшін ең алдымен біз біліммен қарулансақ, оқушыларымыз ғылым мен техниканы меңгеріп, еліміздің жаңғыруына үлес қосуы керек. Ол үшін оқушыларымыз үш тілді меңгеруі қажет, себебі үш тілді еркін меңгеру Қазақстанның болашағының - негізгі кілті болып табылады.
Оқытудың мазмұндылығы жаңа кадрлармен жаңа оқулықтармен толықтырылуда. Жаңаша ойлау туралы білімді ұсыну мен өңдеу – инновациялық қоғам үшін аса маңызды екені анық. Білім саласында цифрлық технологияны дамыту да қолға алынып келеді. Бұл оқушылардың заманауи білім алуына, түрлі технологияны еркін меңгеруіне, ғылыммен айналысуына, жаңа идеяларын жүзеге асыруына үлкен мүмкіндіктер берері анық.
Халқымызға озық білім мен үздік жаңалықтарды дарытсақ, жаңғырудың тетіктері шапшаң қимылдап, уақытты үнемдей отырып, жетістікке жетудің тың идеясын үйретері рас. Жаңа кезеңнің негізгі міндеттерінің бірі – осы заманғы білім беру, парасатты экономиканы дамыту болса, сол жолда ұстаздарымыздың тынбай еңбек етері сөзсіз.
Әдилә Нұрғожина,
Бексейіт орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Жаңалықты мекеменің сайтында қарау